01 там, 2020 сағат 16:08

Қазақстанда жүргізілген коронавирусқа қарсы вакцинация: Министрлік түсініктеме берді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстанда коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинация егілгені туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандағы коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинация Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинация орталығында өткізілді. Вакцинациядан өткен алғашқы қазақстандық - орталық директоры Қайсар Табынов. Оған Австралияда жасалған COVAX-19 препараты салынды. Препарат қазіргі уақытта клиникалық зерттеулердің бірінші сатысында. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов тиісті ережелер бар екенін, оларға сәйкес тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитеті осындай клиникалық сынақтарды өткізуге рұқсат беруі керектігі туралы айтты. 

«Бұл оңай істелетін жұмыс емес. Бізде Денсаулық кодексі, тиісті ережелер мен регламенттер бар. Осы ережелерге сәйкес Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті осындай клиникалық сынақтарға рұқсат беруі керек. Ол үшін арнайы хаттамалар мен процедуралар бар. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігіне ҚазҰАУ жанындағы Халықаралық вакцинация орталығынан мұндай өтініш түскен жоқ. Тиісінше, сараптама қорытындысын алу үшін олар дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұлттық сараптау орталығына хабарласуы керек. Содан кейін олар мұнымен айналыса алады», - дейді Бағдат Қожахметов.

Оның айтуынша, кез келген дәрі-дәрмекті жасау біраз уақытты алады, өйткені бұл ұзақ және ауыр процесс. 

«Мен нақты айтамын: уәкілетті орган - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ешкімге мұндай рұқсат берген жоқ, біз өтініш алған жоқпыз. Кез келген дәрілік препараттың жасалуы бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ және ауыр процесс. Нәтижесінде оның қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы расталады. Бұл өте күрделі мәселе», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін бірқатар қазақстандық БАҚ-та Қазақстанда алғаш рет коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын.