Қазақстанда ЖРВИ-мен ауыру көрсеткіші 3 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бізде эпидемиологиялық маусым күзде басталып, көктемге дейін жалғасады. 2019 жылыдң 3 қазаны мен 2020 жылдың 25 наурызы аралығын біз арнайы бөле қарастырдық және ЖРВИ-дің 395 мың жағдайын тіркедік. Бұл адамдардың ауруханаларға жүгінген, қиын жағдайға тап болған кезде тіркелгендері ғана. Бұған қоса, мұндай деректі статистикалық қызмет те жүргізеді. 2018-2019 жылдардағы дәл осындай кезеңмен салыстырар болсақ, ЖРВИ-ге шалдығу жағдайлары 3 пайызға төмендеп отыр. Қазіргі эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ болғандардың саны бір жыл бұрынғы деректермен бірдей десек те болады. Қандай да бір өршу болған жағдайда жекеменшік медициналық және ведомстволық ұйымдар оны тіркейтін еді», - деді министр zakon.kz порталының Instagram парақшасында берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол халықаралық келісімдерге және халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге сәйкес әрбір ел, оның ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық қадағалау жүргізетінін баса айтты.