«Жастарға арналған жалдамалы пәтер» ауқымды жобасы аясында 2021 жылға дейін 9 мыңға тарта пәтер беріледі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда жұмыссыздарды, оның ішінде жастарды қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарлама іске асырылып келеді. Ең негізгісі - нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін «Еңбек» бағдарламасы. Бұл бағдарламаға жастардың 33%-дан астамы, яғни 172 мың азамат қатысады. Аталмыш бағдарламаға әлеуметтік жұмыс орындары да кіреді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 20 мыңнан астам адам, ал қоғамдық жұмыстарға 15 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ, «Бизнес Бастау» жобасы бар. Оның аясында кәсіпкерлік негіздерін 5 мыңнан астам азамат оқыды. 900-ден астам адам өз ісін бастады. Бүгінгі таңда 4600 адам бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін шағын грант алды, ал 3400-ден астам адам қысқа мерзімді курстан өтті», - деді спикер.
Сонымен бірге «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам азамат оқытылған. Одан бөлек елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 16 млрд теңгеге 3 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алған. «Серпін» бағдарламасы бойынша жастар солтүстік аймақтарда оқып жатыр.
«Пандемияға байланысты әрине белгілі бір қысқару бар, бірақ тұтастай алғанда мемлекет халықтың, оның ішінде жастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруда. Жастар техникалық арнайы білім алатындай гранттар бөлінеді. Аймақтық бағдарламалар да жүзеге асырылып жатқанын да айта кету керек. Жастар жылы аясында «Жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» жобасы жүзеге асырылды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткен жылы 3 мың пәтер бөлінді. Жалпы 2021 жылға дейін бұл бағытта 9 мың пәтер бөлу жоспарланып отыр. Облыстық деңгейде 5546 пәтер жас отбасыларға берілді. Менің ойымша, бұл жастарға жақсы мүмкіндік берген жақсы жобалар», - деп түйіндеді сөзін Шахмардан Байманов.