Тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша кешенді жоспар құрылуы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғани Ташқараев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің депутаттық сауалым тоқыма өнеркәсібіне қатысты болып отыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, тоқыма өнеркәсібі жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің 55 пайыздан астамын немесе 71 млрд теңгені құрады. Ал жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 128 млрд теңге болды. Жалпы алғанда, жеңіл өнеркәсіп республикадағы өңдеуші өнеркәсіптің 1 пайызын және жалпы ішкі өнімнің құрылымында 0,1 пайызды құрады. Көрші мемлекет - Өзбекстанды алатын болсақ, аталған кезеңде жеңіл өнеркәсіптің үлесі 15,2 пайыз болған. Өзбекстанда бұл салада жұмысшылардың 28 пайызға жуығы шоғырланған. Еліміздегі тоқыма бұйымдары өндірісінің негізгі үлесі - Шымкент қаласына (25%) және Түркістан облысына (31%) тиесілі. Тоқыма өнеркәсібі халықты, әсіресе әйелдерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы бар сала екенін ескерсек, онда осы саланың дамуына тиісінше қолдау көрсетуіміз қажет. Осындай ұсыныстар жергілікті халық пен кәсіпкерлер тарапынан өңірлерге барған іссапарымыз кезінде жиі көтерілген мәселелердің бірі болды», - деді Ғани Ташқараев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол тоқыма өнеркәсібінің жұмысшыларымен болған кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер көтерілгенін айтты.
Соның нәтижесінде тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарын қазіргідей қиын кезеңде қолдау мақсатында тиісті ұсыныстар әзірленді.
«Шетел валютасының тұрақсыздығына байланысты шикізат құнының қымбаттауы салдарынан мемлекеттік тапсырысты уақтылы орындай алмаған мекемелерді абыройсыз кәсіпкерлер тізіліміне енгізуге мораторий жариялансын. Екіншіден, жұмыс пен тапсырыстардың болмауы, салықтың төленбеуі сияқты тұрақсыздық кезінде шоттарды бұғаттауға мораторий енгізілсін. Шетелдік тоқыма бұйымдарының отандық өнімнен айтарлықтай арзан бағамен әкелінуіне жол бермес үшін шекарада бақылауды күшейтіп, отандық тоқыма бұйымдарын өндірушілерге қолдау көрсетілсін», - деді депутат.
Оның пайымынша, тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша кешенді жоспар құрылуы керек.
Өнім өндірушілерге өндіріс көлемін ұлғайтуға, жұмысшыларды қайта даярлау мен оқытуға қосымша субсидия бөлінгені маңызды.
«Ішкі нарықта тауарларды жарнамалауға көмек көрсетілуі керек. «Самұрық-Қазына» қорында тоқыма бұйымдарына қатысты тендерде қолданылатын ресейлік стандарттардың орнына жалпы мемлекеттік стандарттар әзірленуі тиіс», - деді Ғани Ташқараев.