09 ақп, 2021 сағат 08:31

Қазақстанда жаңартылатын энергетика секторына қанша қаржы тартылды?

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жаңартылатын энергия саласына қанша инвестиция тартылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары халықаралық қаржы институттарымен және ұйымдармен бірқатар келісім мен меморандумға қол қою арқылы секторға 240 млрд теңге (немесе 613 млн АҚШ доллары) сомаға инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізілді. «Жасыл» энергия секторында қазір әлемнің 10 елінен инвесторлар, сондай-ақ Еуропа Қайта Құру және Даму банкі, Азия Даму Банкі, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі, Қазақстан Даму Банкі сияқты ірі қаржы ұйымдары жұмыс істейтінін атап өткім келеді», - деді министр. 

Оның айтуынша, сонымен қатар «жасыл» энергия саласына инвесторлар ретінде Эни, Тоталь сияқты ірі мұнай компаниялары келіп, Қазақстанда бірқатар жаңартылатын энергетика жобасын іске асырды, әрі олардың осы саланы одан әрі дамыту жөнінде нақты жоспарлары бар.

«Қаржы-есеп айырысу орталығы қызметін бастаған сәттен бастап жаңартылатын энергетика секторына шамамен 626 млрд теңге тартылды, ал салынған нысандардан шамамен 81 млрд теңге салық төленетін болады», - деді Ноғаев.