2022 жыл республикалық бюджетте зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделіп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделіп отыр», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.
Бұл 4,2 млн адамның табысын арттырады, оның ішінде:
- 2,3 млн-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7%-ға (инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып) және базалық зейнетақы төлемін 5%-ға, жалпы сомасы 138,3 млрд теңгеге арттыру жүргізілетін болады;
- 1,9 млн алушыға әлеуметтік жәрдемақы жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге, 5%-ға артады.
Бұдан тыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс деңгейіне де оң әсер етеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, ЕТК мөлшері 36 018 теңгені, ал АЕК – 3 063 теңгені құрайды.