Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік, жеке құрылымдар мен саланың жетекші мамандарының қатысуымен ядролық медицинаны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-премьер Қазақстандағы ядролық медицина істерінің ағымдағы жай-күйін, түйткілді мәселелері мен перспективалық бағыттарын көтерді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.
Ол диагностиканың заманауи әдісін жүргізуді қажет ететін онкологиясы бар пациенттердің саны артып келе жатқанын атап өтті.
Қазір Қазақстанда 4 позитронды-эмиссиялық томограф (ПЭТ-орталық) жұмыс жасайды: Нұр – Сұлтан қаласында – 2, Алматыда – 1 және Семейде-1.
Премьер-министрдің орынбасары онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың «тиімділігі жоғары ерте диагностика» бағыты аясында алдағы 2 жылда зерттеудің инновациялық әдістері үшін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында тағы 4 ПЭТ-орталық ашу жоспарланғанын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов ПЭТ-орталықтар желісін кеңейту арқылы отандық ядролық медицинаны дамытудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, МЖӘ шеңберінде ынтымақтастыққа мүдделі жауапты мемлекеттік компаниялар қатарынан ведомствоаралық жұмыс тобын құруды жүктеді.