Жалақыны волонтерлікпен тұрақты түрде айналысатындар ғана ала алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің қозғалыстың ауқымы – кең, мүшесі де – көп. Біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатысамыз, ол - мемлекеттің волонтерлерді қолдауы, ал жауапкершілікті біз өз мойнымызға аламыз. Қатардағы волонтерлер бұл туралы біледі, себебі бұл да - олар үшін үлкен мотивация. Ұйым ішінде олар басқаруға қатысты үлкен тәжірибе жинап, жобалар жасайды. Одан кейін барып жалақы алатындардың қатарына ене алады. Негізінде мемлекеттік тапсырыс – қомақты қаражат емес. 2013 жылдан бері біз қозғалыс ретінде жұмыс істеп келеміз. 2016 жылы ғана мемлекеттік тапсырысқа қатысып, «Волонтерлік корпус» жобасына 6 миллион теңге бөлінді. Осы жоба аясында 150 ұсақ шара жүзеге асырылды. Осы 6 миллион теңгенің 30%-ы жалақыға кетеді. Оны 12 айға бөлсең, көп ақша емес. 2017 жылы бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. 150 адам тренинг, соның ішінде білім беру сипатында тренинг өткізді. Біз өз қаражатымызды салатын жобалар да бар», - дейді Қазақстан волонтерлері лигасының төрайымы Айсұлу Ерниязова.
Оның айтуынша, жалақыны тұрақты түрде волонтерлікпен айналысатындар ала алады.
«Шамамен 5 адам аздаған жалақы ала алады. Ол мемлекеттік тапсырыстан түсетін қаржының 30%-ы. Жалақыны тек волонтерлікпен айналысатын адамдар ғана алады, өйткені волонтерлер – тек қана волонтерлікпен айналысатын кәсіби мамандар», - дейді ол.