9 наурыздағы дерек бойынша, қазір Қазақстанда коронавирус тараған елдерден келген 3676 адам карантинде. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қытай, Оңтүстік Корея я Ираннан келген 1053 адам, Италиядан келген 182 адам, Германия мен Испаниядан келген 2849 адам медициналық бақылауда. 408 адам карантиннен шыққан.
Министрліктің дерегінше, бақылаудағы адамдардың анализдері Алматыдағы Айқымбаев атындағы карантиндік және зоонозды жұқпалылар қазақ ғылыми орталығына жіберілген.
Үкіметтің мәлімдеуінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар жоқ. Қазақстан үкіметінің шешімімен вирус көп тараған елдерден келгендер 14 күн карантинге жіберіледі.
Қытайда тараған Covid-19 вирусын әлемде жұқтырғандар саны 110 мыңға жуықтап қалды. 3800-дей адам қаза болды.
Вирус тараған Қытайда 8 наурызда 41 адам дертке шалдыққаны белгілі болды. Бұл елде күннен-күнге вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Дегенмен, Қытайда қаңтардың басынан бері 80 мың адам вирус жұқтырып, үш мыңнан астам адам опат болды.
Ал Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар 7400-ге жуықтады. Елу адам қаза болды.
Иранда вирус жұқтырғандар жеті мыңға адамға жетті. 9 наурызда вирустан бақилық болғандар 230-дан асты.
8 наурыздағы дерек бойынша, Италияда қазір 7375 адам дертке шалдығып, 366 адам өмірден өтті. Италия вирус көп тараған солтүстік аймақты, 16 миллиондай халықты, 3 сәуірге дейін карантинге жапты.