09 ақп, 2022 сағат 12:57

Қазақстанда Үкімет жанынан Кәсіпкерлер кеңесі құрылды

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Премьер-министр өкімімен Қазақстанда Үкімет жанынан отандық Кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Бұл құжат "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кеңестің міндеті - әлеуметтік-экономикалық даму, кәсіпкерлік жөніндегі заңнаманы жетілдіру, нарықтық экономиканың дамуына жағдай жасау және ел экономикасына отандық инвестицияларды тарту, іскерлік және инвестициялық ахуалды бағалау және жақсарту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Сондай-ақ, оның міндеттеріне кәсіпкерлік және инвестициялық саясат саласындағы өзге де мәселелерді қарау және талқылау кіреді.

Құжатта Ұлттық экономика министрлігі кеңестің жұмыс органы екені, кеңес отырыстары "қажет болса, бірақ жылына кемінде екі рет" өткізілетіні көрсетілген.

Кеңес құрамына премьер-министр, оның орынбасарлары, бірқатар министрлік басшылары, сондай-ақ, бизнес өкілдері кірді.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жанынан Кәсіпкерлер кеңесін құруды 21 қаңтарда тапсырған болатын. Ол мұндай қадам "қабылданатын шешімдер ауқымын" төмендетеді деген еді.

"Мұндай орган бизнестің үні мен идеясын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.