12 нау, 2021 сағат 10:25

Қазақстанда учаскелік инспектор мәртебесін көтеру қалай іске асырылып жатыр?

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде учаскелік инспекторлардың өкілеттігі қалай кеңейтілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Учаскелік инспектор мәртебесін көтеру бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Әкімшілік істер мен құқық бұзушылық профилактикасы саласында олардың өкілеттігін кеңейту жоспарланып отыр», - деді министр Сенаттағы полиция қызметіне қатысты Үкімет сағатында.

Осы орайда ол заңнамаға тиісті түзетулер әзірленгенін жеткізді. 

Е. Тұрғымбаевтың айтуынша, ішкі резервтер есебінен учаскелік инспекторлардың штаттық санын арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 6 473 болса, тағы да үш мыңнан астам учаскелік инспектор жетіспейді. 

«Сонымен қатар қалаларда аға учаскелік инспектор институтын қалпына келтіру ескерілген. Қылмыстық құқық бұзушылықтың 60 пайызы облыс орталықтарында жасалады. Сондықтан полицияның учаскелік пункттері азаматтарды қорғаудың алдыңғы шебі болуы тиіс. Осы орайда тиісті өкілеттікпен аға учаскелік инспекторды бекіту жоспарланған», - деді ведомство басшысы. 

Бұдан бөлек, ауылдарда учаскелік инспектор биліктің жалғыз өкілі екенін ескере отырып, олардың әрқайсысына көмекшіні ұсыну қарастырылған. 

«Учаскелік полицей 100 шақырым жердегі басқа елді мекенге қызмет бабымен баратын жағдайлар жиі кездеседі. Осы орайда полицияның учаскелік пункті жабық қалады. Сондықтан оларға көмекші қызметін енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.