19 ақп, 2022 сағат 18:50

Қазақстанда цифрлық майнинг бойынша қандай шаралар жүргізіледі?


Қазақстанда цифрлық майнинг бойынша негізгі іс-шаралар үш бағытта жүргізіледі, олар – «сұр майнерлерді» анықтау, нарықты реттеу және Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай криптоиндустрия саласын дамыту үшін тиісті экожүйені құру, деп хабарлайды ҚазАқпарат Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.

«Құзіретті органдардан құрылған мобильді топтардың револьверлік тексеру жүйесі енгізіледі. «сұр майнерлерді» анықтау үшін ұйымдардың тізімі жасалып, тұтынылатын электр энергиясының тарихи деректері құрылады және салықтық, кедендік тексерулердің нақты алгоритмі қолданылатын болады. Сондай-ақ ІР-адрестерге шектеу қою арқылы сұр майнерлердің іс-әрекетіне тыйым салу тетіктері пысықталуда», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. 

Одан бөлек «сұр майнерлердің» мүлкін тәркілеуді заңнамада қарастыру мәселесі талқыланатын болады. Аталған шаралар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Энергетика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп қабылданады. Бұл ретте нарықты реттеу мақсатында, цифрлық майнингті лицензиялау енгізіледі. Басты талап – техникалық талаптарға сәйкес болу керек, яғни қажетті жабдықтардың, өрт қауіпсіздігі бойынша тиісті бөлменің және міндеттемелердің болуы шарт.

Сонымен қатар арнайы тариф пен электр энергиясын квоталау жүйесі енгізіледі. Ал «ақ майнерлерге» ESG талаптарын сақтау тұрғысынан тиісті міндеттемелер қойылатын болады.

«Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай криптоиндустрия саласын дамыту үшін тиісті экожүйені құру бағытында елімізде криптобиржаларды құру, криптобиржа қатысушылары үшін банктік қызмет көрсетуді іске қосу (Астана халықаралық қаржы орталығы) және майнингтік пулдарды құру шаралары қолға алынады. Ұсынылған іс-шаралар нарықта нақты және айқын ережелерді орнатуға, электр қуатын шамадан тыс шығындамауға және жасырын жұмыс істеп жатқан майнингтік фермаларды «сұр аймақтан» шығаруға оң әсерін тигізеді», - дейді министр Бағдат Мусин.

Сондай-ақ азаматтарға тұрғын үйді жалдау және шығындар бөлігін өтеуге арналған цифрлық платформа туралы айтылды. Бұл орайда «Отбасы банк» платформасы негізінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтініш беру үшін және өтініш берушінің бағдарлама талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексеру процесі ұйымдастырылды. 

Өтініш берушінің деректері Цифрлық даму, Әділет, Қаржы, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік базаларымен интеграциялау арқылы тексеріледі. Келісімшарттар «Blockchain» технологиясы негізінде жасалады және мемлекеттік органдарының деректер базасында онлайн тіркелу мүмкіндігі көзделген. Отбасы банк тарапынан Smart Bridge арқылы тиісті өтінім берілген.