ҚР Оқу-ағарту министрлігі еліміздің колледждерінде сырттай оқытуға арналған мамандықтар тізімін қысқартты. Енді студенттер тек 23 мамандық бойынша оқи алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Салыстырмалы түрде айта кетсек, екі жылдан астам уақыт бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болатын еді. Бірақ оқытудың бұл түрі студенттерге сапалы машықтарды, дағдыларды бере алмайды. Осының салдарынан түлектер оқуды бітіргеннен кейін практикалық білімнің жетіспеушілігімен жиі кездесіп, жұмыс таба алмай жатады. Осыған байланысты министрлік сырттай оқудағы мамандықтарды қысқарту бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр" - делінген хабарламада.
Бұл жолы «Радиоэлектронды көлік құралдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету (көлік түрі бойынша)» сияқты мамандықтар бойынша, сондай-ақ «Техник-электроник» біліктілігі, «Техник-технолог біліктілігі бойынша «Пайдалы қазбаларды өңдеу (көмір дайындау)», «Техник-құрылысшы» біліктілігі бойынша «Қалалық коммуникацияларды салу және пайдалану», «Тазалау құрылыстарының технолог-технологы біліктілігі бойынша «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылыстарын пайдалану» және т.б. біліктілік бойынша сырттай оқыту алынып тасталған.
«Бүгінгі таңда қазақстандық колледждерде кадрларды даярлауда дуалды оқыту түрі белсенді түрде дамып келеді. Яғни кадр даярлауда колледждер ірі кәсіпорындармен, бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өйткені оларға қандай мамандар қажет екенін еңбек нарығы анықтайды. Сондықтан біз сырттай оқу түрінен белсенді түрде алшақтап жатырмыз және мұндай шешім қабылдауға түлектердің оқуды бітіргеннен кейін алатын білім мен дағдылардың сапасының жеткіліксіздігі себеп болды. Біз мұны кезең-кезеңімен жүргізіп жатырмыз және бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Дуалды оқыту кезінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың кемінде 60%-ы қамтамасыз етілетінін, осылайша студенттердің оқу уақытының жартысынан көбі өндірісте болатынын атап өтемін. Бұл тәсіл болашақ түлектердің білім сапасы мен біліктілігін арттырады және олардың әрі қарай жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы Ернат Жүнісов.