Дарынды жастардың елден кетуін азайту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Білім саласын дамыту мәселелері өте өзекті әрі маңызды екенін білесіздер. Бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту - «білім экономикасына» көшудің негізгі факторы. Сондықтан қоғамда білім беруге әрқашан ерекше талаптар қойылып, үлкен назар аударылады. Осыған орай, «Nur Otan « партиясының бағдарламасын іске асыру аясында білім берудің мазмұнын жаңарту, оның жаңа инфрақұрылымын құру, педагогтар мен оқушыларды әлеуметтік қолдау бойынша нақты шаралар әзірленді», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, 2024 жылға қарай педагогтардың жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы 2 есе өседі. 800 жаңа мектеп салынып, 5000 ауыл мектебі жаңартылады. Колледждерде 9 сыныптың негізінде білім беру толығымен тегін болады. 10 колледж бизнеске сенімгерлік басқаруға берілді.
«Бұл тәжірибені одан әрі жалғастыру қажет. Университеттердің білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттардың негізінде 100 пайыз жаңартылады. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады. Дарынды жастардың елден кетуін азайту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланып отыр. 20 отандық жетекші жоғары оқу орны өңірлердің өсу нысанасы болады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық жоғары оқу орны құрылады», - деді Асқар Мамин.