18 ақп, 2022 сағат 14:49

Қазақстанда шағын бизнесті мүшелік жарнадан босатуы мүмкін


Қазақстанда шағын бизнесті кәсіпкерлердің ұлттық палатасына төлейтін мүшелік жарнадан босату мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Трансформациялау жөніндегі жұмыс тобы шағын бизнесті мүшелік жарна төлеуден босатуды ұсынды. Бүгінгі таңда 21 мыңнан астам шағын бизнес субъектісі бар. Яғни жалпы бизнестің 74% -ы міндетті мүшелік жарна төлейді. Осы орайда жарнадан түсетін пайда 1,2 млрд теңгені құрап отыр. Егер аталған ұсыныс бүгінгі съезде қолдау тауып, шешім қабылданса, онда ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарна төлеушілердің саны 29 мыңнан 7 мыңға дейін азаяды. Яғни 4 есеге қысқарады», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов елордада өтіп жатқан кезектен тыс ІХ съезде. 

Төраға орынбасарының мәлімдеуінше, аталған шара шағын бизнес үшін айтарлықтай қолдау. 

«Өз кезегімізде 1,2 млрд теңге түсім шығынын палата шығынын оңтайландыру есебінен өтеуді ұсынамыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңның 29 бабына сәйкес, мүшелік жарналар съезд отырысында бекітіледі. Осылайша шағын бизнес субъектілерін ұлттық палатаға міндетті мүшелік жарналардан босату туралы шешім қабылдауды ұсынамыз. Және алдағы уақытта ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңға тиісті норма енгізілсін. Қолдауларыңызды сұраймын», - дейді ол.