10 ақп, 2020 сағат 08:55

Қазақстанда саяси партия құру және тіркеу жеңілдетіледі

Қазақстанда саяси партия құру және тіркеу жеңілдетіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасы. Саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету мәселесін «Саяси партиялар туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асыру ұсынылады. Бұл ретте, саяси партияларды құру үшін қазіргі тіркеу кедергілері 10 жылдан астам уақыт сақталып отыр және Президент атап өткендей, ол өткен кезеңнің талаптарына сәйкес келеді», - деді Олжас Данабеков ҚР Әділет министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысында.

Бұл орайда, департамент басшысы халықаралық тәжірибе қосымша зерттеліп, әр мемлекетте саяси партияларды тіркеу үшін адам санында елеулі айырмашылықтар бар екендігі байқалғанын айтты.

«Бұл жағдай мемлекеттің саяси және әкімшілік құрылымы бойынша, сондай-ақ халық саны бойынша ерекшеленеді. Осыған байланысты Президенттің ұсынып отырған бастамасының мақсаты - көппартиялық процесті қамтамасыз ету және олардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне белсене қатысуын қамтамасыз ету», - деді ол.