Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған құжатты даярлауға Парламент депутаттары бастамашылық жасады. Заң жобасының негізгі мақсаты - байланыс саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
«Пандемия және халықтың қашықтан жұмыс істеуі режиміне көшуі кезінде ұсынылатын байланыс қызметтері сапасының маңыздылығы арта түсті. Ол халықтан келіп түсетін шағымдардың көбеюінен байқалып отыр. Сонымен қатар, жүргізілген тексерулер бойынша анықталған заң бұзушылықтар осыған байланысты проблеманың бар екенін дәлелдейді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Телпекбаева.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес, ірі кәсіпкерлік субъектісі үшін айыппұл 100 АЕК-ті, бір жылдың ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін 200 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі заң бұзушылық фактісін мойындаған кезде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 50 пайыз, яғни 50 немесе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге құқылы.
«Көбінесе операторларға қосымша жабдықты орнатудан немесе өз желісін өзге де түрде дамуға қарағанда, айыппұлдың жарты көлемін төлеген ыңғайлырақ. Осы орайда байланысқа қатысты барлық қолайсыздықтар оператор алдындағы өз міндеттемелерін тұрақты негізде орындайтын, яғни тарифті толық көлемде төлейтін абоненттерге әсер етеді. Заң жобасы заңнамада белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс пен интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсеткені үшін, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік айыппұлдардың мөлшерлерін ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауаркершілігін күшейтуге мүмкіндік береді», - деді депутат.