26 мам, 2020 сағат 14:15

Қазақстанда ПТР әдісімен 662 мың тест жүргізілді – Бас санитарлық дәрігер

Наурыз айынан бері Қазақстанда ПТР әдісімен 662 мың тест жүргізілді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтып берді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мұнда бір адамға бірнеше тест жүргізіледі. Мәселен, бүгінге дейін 662 мың тест жүргізіліп, 8 969 науқас анықталды. Тестілеуден өтуі мүмкін адамдар үш топқа бөлінеді. Ең алдымен науқаспен байланыста болғандар және коронавирус инфекциясына күдігі барлар тестке жіберіледі. Яғни, науқастарға ғана емес, вирусты жұқтыру күдігі бар адамдардың өзіне бірнеше тест жұмсалады. Сондықтан, тест пен науқастар саны бір-біріне сәйкес келмейді», - деді бас санитарлық дәрігер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, өңірлерде тест жасайтын зертханалар саны артады.

«Наурыз айында бір тәулікте мыңға жетер-жетпес тест жүргізетін едік. Екі жарым айдың ішінде зертханалар санын көбейттік, жеке секторды іске тарттық. Осылайша, қазір бір тәулікте ең жоғарғы көрсеткіш 23 мыңға жетті. Наурыз айында елімізде 19 зертхана болса, қазір 54 зертханада тест алынады. Одан бөлек, өңірлерде де қосымша зертханалар ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Айжан Есмағамбетова.