12 нау, 2021 сағат 17:06

Қазақстанда полицейлердің зейнетке шығу жасы көтерілуі мүмкін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда полицейлердің зейнетке шығу жасын көтеру жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Шынымен де қазіргі кезде полициядағы біздің қызметкерлер өте тәжірибелі, кәсіби мамандар. Олар 45-55 жаста қызметтен кетіп, зейнеткерлікке шығуға мәжбүр болады. Жұмыстан кеткеннен кейін, қазір түрлі коммерциялық құрылымдарда қызмет етіп жатыр. Біз осы мәселені көтеріп жатырмыз», - деді Е. Тұрғымбаев Сенаттағы Үкімет сағатында. 

Бұл орайда ол қызметкерлердің зейнет жасына шығу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. 

«Мысалы, майорлар үшін 52 жасқа дейін (плюс 4 жыл), ал подполковниковтер үшін – 55 жасқа дейін, полковниктерге 58 жасқа дейін және жоғары басқару құрамына 63 жас ескеріліп отыр», - деді министр.