26 ақп, 2022 сағат 16:37

Әшімбаев: Мысыр өкілдері дін мамандарын даярлауға қолдау көрсетеді


Мысыр өкілдері Қазақстанда діни мамандарды даярлау және имамдарды біліктілігін арттыруға қолдау көрсетуге дайын. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат төрағасы жазбасында Мысыр еліне сапары барысы туралы баяндайды. 

«Таяуда Президентіміздің тапсырмасымен Мысыр еліне ресми сапармен бардық. 

Қазақстан үшін Мысыр араб және ислам әлеміндегі маңызды серіктес мемлекеттердің бірі. Екі елді байланыстыратын ортақ құндылықтар аз емес. Соның ішіндегі ең маңыздысы ислам діні екені сөзсіз.

Ислам ата-бабамыздың діні. Кеңес заманында бұл бағытта түрлі қиындықтар мен кедергілер болғаны белгілі. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана асыл дінімізді кеңінен дәріптеуге жол ашылды. Осы ретте біздер үшін исламтанушы мамандар даярлау ісінде Мысыр елінің, оның ішінде әлемге әйгілі әл-Азхар университетінің көмегі ерекше болды. Мысырдың қолдауымен елімізде «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам университеті ашылды.

Қазіргі таңда әл-Азхар университеті исламның сунниттік бағытын насихаттайтын және кәсіби дін мамандарын даярлайтын дүние жүзіндегі ең ірі оқу орны. Х ғасырда негізі қаланған білім ордасы бүгінде бүкіл ислам әлемі үшін ағартушы, ғылыми және рухани орталық ретінде аса маңызды.

Ислам – ежелден бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін дін. Осы ретте әл-Азхардың діни экстремизммен күрес жұмыстары да айрықша мәнге ие екені белгілі. «Қаңтар оқиғасынан» кейін елімізде аталған мәселенің өзектілігі арта түсті. Сондықтан бұл салада осы орталықтың тәжірибесіне сүйенуіміз қажет. Әл-Азхардың Бас имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесуде осы мәселеге арнайы тоқталдық»,-дейді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол сөзінде Шейх маман даярлауда, имамдардың біліктілігін арттыруда Қазақстанға қолдау көрсетуді одан әрі арттыратынын және экстремизм идеологиясымен күресте біздің елге жүйелі түрде көмектесетінін жеткізгенін айтады. Алдағы уақытта бұл бағытта бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз.


Шейх Ахмед ат-Тайеб Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу бастамасына қолдау білдіріп, оның қазіргідей геосаяси және діни көзқарастар шиеленіскен күрделі кезеңде аса маңызды рөл атқаратынын айтты. Кездесуде Шейхке Президентіміздің Съезге шақыру хатын ресми түрде тапсырдым.

Сонымен қатар әл-Азхар университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттермен де арнайы кездестім.

Исламнан бөлек, Қазақстан мен Мысырды байланыстыратын тарихи тұлғалар бар. Солардың ішінде Сұлтан Бейбарыстың есімі ерекше аталады. Заманында Мысырдың сұлтаны болған Бейбарыс бабамыз сол өңірдің өсіп-өркендеуіне үлкен еңбек сіңірді.

Бүгінде Каир қаласында Бейбарыс сұлтан салдырған мешіт бар. Сапар аясында рухани орталықты зиярат етіп, бабамыздың рухына құран бағыштадық. Бұл мешіт осы елдегі ең көрнекті әрі тарихи жәдігерлердің бірі. Қазақстан 2007 жылы Мысырмен мешітті қалпына келтіру бойынша үкіметаралық келісімге қол қойды. Соған сәйкес екі мемлекет те қаржы бөліп, тиісті жұмыстар қолға алынған еді. Дегенмен, түрлі жағдайларға байланысты жұмыс біраз тұралап қалды.

Мысырдың Уақыфтар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұмамен кездесуде осы жағдайға назар аударып, қайта қалпына келтіру жұмыстарына басымдық беру мәселесін қозғадық. Кездесуде Министр Мысыр тарапы бұл жұмысқа қосымша 2 миллион АҚШ долларын бөлетінін айтты және жобаның аяқталуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді. Келесі жылы Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толатынын ескерсек, бұл қуанышты жаңалық екені сөзсіз.

Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разекпен кездесуімізде екі елдің сауда-экономикалық, туризм, мәдени-гуманитарлық байланыстарын арттыру және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталдық. Осы елдің Бас мүфтиі Әбдел Кәрім Алламмен кездесуде де рухани және діни бағыттағы қатынастарға назар аудардық.

«Алдағы уақытта бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын арттыруға, парламентаралық қарым-қатынасты күшейтуге және дінаралық диалог пен діни экстремизммен күрес саласында бірлесіп әрекет етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз. Ол үшін Парламент Сенаты еліміздің Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның Мысырдағы Елшілігімен бірлесе отырып, қажетті жұмыстарды әрі қарай жалғастыра береді»,-деді Сенат төрағасы.