12 нау, 2021 сағат 13:48

Қазақстанда онкологиялық науқастарды жағдайына қарай вакциналау қажет - Қайдарова

Онкологиялық аурумен ауыратын пациенттерді жағдайына қарай вакцинациялау қажет. Бұл туралы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Онкологиялық аурумен ауыратын пациенттерді жағдайына қарай вакцинациялау қажет. Иммуносупрессивті науқастарда иммунитет қалыптасуы қиын болуы мүмкін екенін ескерген жөн», - деді Д.Қайдарова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, вакцина екі рет салынатынын ескере отырып, онколог емдеуді бастау немесе жалғастыру мерзіміне қарай шешім қабылдауы керек. Әсіресе, бұл ем-домды енді бастаған науқастарға қатысты. Шешім қабылдау кезінде пациент үшін қауіптер, жасы, жалпы жағдайы, қандағы лейкоциттер мен нейтрофилдердің деңгейі, пациенттің болжамы бағаланады. 

«Мысалы, тек гормондық терапиямен ауыратын науқастар COVID-19 вакцинациясына жатпайды. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын, цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады», - деді ол.

Ол қазіргі уақытта онкологиялық науқастарда COVID-19 туралы мәліметтер аз екендігін айтады. 

«Ресейде онкологиялық науқастарға «Спутник V» вакцинациясы бойынша клиникалық зерттеулер енді ғана басталды. Қазақстандық вакцина бойынша деректер жоқ. Ең бастысы - әр пациентке жеке көзқараспен қарау керек. Бұл ретте антиденелердің деңгейін тексеру қажет емес», - деді Диляра Қайдарова.