22 шіл, 2019 сағат 14:16

Қазақстанда өнеркәсіпті дамыту қоры құрылуы мүмкін

Қазақстанда Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі жанынан өнеркәсіпті дамыту қоры құрылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Республикасының машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасында қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, мұндай қорлар Ресейде, Беларусь елінде және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде табысты жұмыс істеп тұр. Олар жылдық 1-4% мөлшерлеме бойынша заемдар береді, ал лизинг жобаларына проценттік мөлшерлеме 1% құрайды. Атап айтқанда, Ресейдегі қор өз қаражатын станоктар, қалбырлар шығаруға, құрамдас өнімдер өндіруге, өнеркәсіпті цифрландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға жұмсайды.

Қор қызметінің тиімділігі ретінде өнеркәсіпті қолдаудың жалпылама саясаты бір ұйымға топтастырылатындығымен негізделеді. Яғни, мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне нақты мониторинг пен анализ жасалады. Бұл ретте сарапшылар бүгінгі күні өңдеуші өнеркәсіпті даму институттары мен екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырудың тиімсіз екенін атап өтеді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің негізгі қаржы операторы «Бәйтерек» ҰБҚ» АҚ 2017 жылғы жалпы сомасы 2 трлн теңгені құрайтын қаржыландырудың тек 6,6% пайызын ғана өңдеу саласына бағыттаған.

Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда отандық машина жасау секторында мына салалар импортқа тәуелді болып отыр:

- Электрожабдықтар – $ 2,7 млрд;

- Автомобиль жасау – $ 1,8 млрд;

- Мұнайгаз саласындағы машина жасау – $ 1,3 млрд;

- Тау-кен саласындағы машина жасау – $ 1,04 млрд.

Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар мұнай газ саласы бойынша импортты алмастыратын өнімдерді жеткізу мүмкіндігі 56,7 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, отандық кәсіпорындар ірі операторлар үшін 100 млрд теңгеге дейінгі көлемде жаңа өнімдер өндірісін жолға қоюға дайын екендігін білдіреді.

Айта кетерлігі, Өнеркәсіпті дамыту қорын қаржыландыру тоқсан, жартыжылдық және жыл қорытындысы бойынша игерілмеген қаражаттарды қайта бөлу есебінен жүзеге асатыны көзделеді.