21 нау, 2020 сағат 06:45

Қазақстанда медициналық маскалар шығарыла бастады – Бақыт Сұлтанов

Қазақстан кәсіпорындары медициналық маскалар шығара бастады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елімізде қорғаныш маскалары мен антисептикалық құралдар өндірісі ашылуда. ТЖ режимінде жедел әрекет ету қажет болған кезде нарыққа кіру де жылдам жүзеге асырылады. Өте жедел. Біздің Техникалық реттеу және метрология комитеті Ұлттық аккредиттеу орталығымен және Қазақстан стандарттау институтымен бірлесіп қысқа мерзім ішінде «Қорғаныш маскалары. Техникалық талаптар» ұлттық стандартын әзірледі. Қажетті сынақтар өткізіліп, 1 млн данадан астам қорғаныш маскалары сертификатталды», - деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Сондай-ақ атап өтілгендей, Қазақстанда дезинсептиктер өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. 

«Дезинфекция және дезинсекция құралдары (тұрмыста және емдеу-алдын алу мекемелерінде қолдану үшін) мемлекеттік тіркеуді Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады. Сауда министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен келісімге келді. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы жедел тәртіппен қажетті зертханалық зерттеулер жүргізеді («бейбіт» жағдайда тиісті 3 ай емес, бір ай ішінде). Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі бір күн ішінде мемлекеттік тіркеу туралы құжат беруге дайын. Иә, бір ай – бұл да қысқа мерзім екенін түсінеміз. Бірақ зерттеусіз қауіпті болуы мүмкін дезинфекциялау құралдарын қолданысқа жіберуге де құқымыз жоқ! Өз құжаттары мен үлгілерін сараптамаға СҚО-дан тұрмыстық химия өнімдерін өндіру тәжірибесі бар «Радуга» ЖШС жіберді. Олар еліміз үшін күрделі жағдайда антисептиктерді дайындауға көшті», - деді Б.Сұлтанов.

Бұдан бөлек, Қазақстанның автохимия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы өз өндірісін елде сұранысқа ие антисептиктер мен дезинфекциялаушы құралдарды шығаруға қайта бейіндеуге дайын. Олар мұқтаж адамдарға тегін жеткізуге дайын.