17 шіл, 2020 сағат 12:53

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің мәртебесін құтқарушылармен теңестіру ұсынылды

«QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Әлиақбар Мәтішев медициналық қызметкер қандай көмек алуы керектігі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үстемеақы барлық қызметкерге, бүкіл персоналға – бүгінгі таңда ауруханаларда коронавирус инфекциясымен тынымсыз күресіп жатқан дәрігерлерден бастап медбикелерге, күзетшілер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне берілуі тиіс. Бұған қоса вирус жұқтырған персонал қосымша үстемеақы алуы керек», - деді Әлиақбар Мәтішев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Әлиақбар Мәтішевтың айтуынша, коронавируспен, пневмониямен ауырғандардың бәрі де оңалтудан өтуі қажет. Сондай-ақ олардың балалары да күтімде болуы тиіс. Сонымен қатар ол медициналық қызметкерлер шипажайларда денсаулығын оңалтуы керектігін де жеткізді. 

«Мәселен бір отбасындағы екі адам медицина саласында еңбек етіп, екеуі де үйіне бара алмай, қызмет етіп жатуы ықтимал. Олардың балалары қайда бармақ? Менің ойымша, осындай қызметкерлердің балаларына арналған балабақша жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар алдағы уақытта медицина қызметкерлерін тұрғын үй мен тұрмыстық тұрғыда көтермелеу, төлемақы беру, баспана алғаны үшін өтемақы беру тетіктерін қарастырған абзал», - деді ол.

Әлиақбар Мәтішев сонымен қатар медициналық қызметкерлерге айлығы уақытында беріліп отыруы керектігін мәлім етті.

«Медициналық қызметкерлерге құтқарушыларда бар мәртебені беру керек. Оларға пандемия уақытында заңға сәйкес әлеуметтік қолдаудың барлық шарасы көрсетілуі керек», - деді ол.