12 қыр, 2019 сағат 10:33

Қазақстанда машина жасайтын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер берілмек

Машина жасау саласын дамытуды көздейтін, 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бойынша қазақстандық машина жасаушы және құраушы кәсіпорындарға бірқатар жеңілдіктер мен басымдықтар берілгелі отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының VII форумында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Аманияз Ержанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көрші Ресей мемлекеті автоөндіруші кәсіпорындарға баса маңыз беріп, оларға салықтық жеңілдіктер беріп қойған. Мәселен, онда жолаушыларға арналған машиналарды жасаушылар қосымша құн салығынан босатылған. Осы жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдауға қайтарым ретінде ресейлік кәсіпорындардың өзіндік міндеті де баршылық. Көрші елдің тәжірибесін ескере отырып, машина жасаушыларды қолдауға арналған Жол картасын қабылдадық. Атламыш құжат келесі жеңілдіктерді қарастырғалы отыр: біріншіден, машина жасайтын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер беріледі. Бұған қайтарым ретінде кәсіпорындарға міндеттемелер жүктеледі. Бұл бағыттағы қадам салаға жаңа инвесторларды тартып, өндіріс көлеміне қосымша 80-100 млрд теңгелік өсімді қамтамасыз етеді», - деді вице-министр.

Аманияз Ержанов сондай-ақ, саланы кешенді түрде дамыту үшін арнайы «Өнеркәсіптік саясат және өнеркәсіптік даму қорын құру туралы» заң жобасы әзірленетінін атап өтті.

«Аталған шаралар жүргізіліп жатқан өнеркәсіптік саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, шикізаттан дайын өнімге дейінгі нақты өндірістік қатарды қалыптастыруға күш салу керек. Осы ретте ресейлік тәжірибе бойынша отандық кәсіпорындарды ҚҚС-тан босату және оларға шикізатты арзан бағамен беру әдісін енгізген жөн болады», - деді ол.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтіп жатыр. Форумды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ұйымдастырған. Биыл форум «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері» ұранымен өтеді.

Жыл сайын форумға Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай секілді ірі 20 мемлекеттің делегаттары қатысады. Осылайша, отандық кәсіпорындар елден шықпай-ақ шетелдік әріптестерімен кездесу өткізуге мүмкіндік алады.