Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтының бас директоры Ахметжан Сұлтанов малға қажетті биопрепараттар мен вакциналардың сапасын бақылайтын арнайы мекеме құру туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы Қазақстанда өндірілетін және шетелден әкелінетін ветеринарлық препараттардың сапасын бақылау керек. Осы мақсатта республикада мемлекеттік ғылыми бақылау мекемесін құру керек деп есептейміз. Малға қолданылатын сапасыз биопрепараттардың мысалын біздің институттың 2016-2017 жылдары жүргізген зерттеу қорытындыларынан көруге болады. Мәселен, оқыра, қарасанға қарсы Норвегия, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Корея, Чехия, Қазақстанда жасалған вакцинаның нормативті-техникалық құжаттарына сипаттама жасап көрген едік. Зерттеу барысында оқыраға қарсы вакциналардың 10 сериясының үшеуі ғана стандартқа сәйкес болып шықты», - деді Ахметжан Сұлтанов Парламент Мәжілісінде аграрлық ғылымды, білім және өндірісті интеграциялау мәселелері бойынша отырыста.
Институт директорының айтуынша, малға қажетті диагностикалық және емдеу, алдын алу шараларына арналған отандық препараттарының сапасы төмендеп кеткен. Артынша импорттық биологиялық препараттарға деген сұраныс артқан.
«Малға диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін республикаға 500 млн теңгенің биопрепараттары шет елдерден кіргізіледі. Ал отандық өндірушілер бұл биопрепараттардың 300 млн теңгеге жуық қажеттігін өтеп отыр. Вакциналарда да жағдай осы. Бұл бағытта шетелден 2,5 млрд теңгенің вакциналық препараттары жеткізілсе, өз елімізде отандық өндірушілер 500 млн теңгенің ғана вакцинасын ұсына алады. Яғни осы қажеттіліктің 16 пайызын отандық өндірушілер жасап шығарса, 84 пайызын шетелдік тасымалдаушылар әкеледі», - деді ол.
Ахметжан Сұлтанов елдегі отандық биопрепараттармен ішкі қажеттілікті жабуға мүмкіндік барын айтады.
«Оқу орталықтарындағы тар шеңбердегі мамандықтар мен заманға сай құрылғылардың көмегімен ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға болады. Қазақстанда биотехнологиялық профильдер бойынша мамандар баршылық. Олар отандық биологиялық саланы жандандырып, қажетті биопрепараттардың өндірісін ретке келтіре алады», - деді ол.