Денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда қызылшадан екі бала көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қызылша ауруынан 2 бала өлімі тіркелді. Олар – 1 жасқа дейінгі балалар, яғни қызылшаға қарсы екпе алу жасына толмаған. Бұл оқиғалар Астана мен Шығыс Қазақстан облысында болды.
Бір бала шала туған. Оның бұған дейін басқа да ілеспе аурулары болған. Кейін ол қызылша жұқтырған», - деді Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап беріп.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, елімізде тағы 15 баланың жағдайы ауыр.
Айта кетейік, елімізде қызылша инфекциясының таралуына қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Бүгінде қосымша вакциналауға жататын 1,5 млн адамның 608 мыңнан астамы егілді, қамту 40,5% құрады.
Қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау да жалғасып жатыр. Мәселен, жыл сайын 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала егіледі (ДДҰ ұсынған кемінде 87,1% кезінде 1 жастағы балалардың 94,1% және 6 жастағы балалардың 93,4% қамтылды).