Фото: Әлихан Сариев/Tengrinews.kz
Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жауапкершілікті күшейту жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіп жатыр.
Бұл мәселе бүкіл әлемде өте өзекті. Өйткені 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оның 640 миллионнан астамы (87%) - 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер.
Тек соңғы екі жарым жылда біздің елде үй агрессорлары 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің - 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 жағдайы тіркелді. 37 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері - әлеуметтік-экономикалық факторлар және қоғамдағы гендерлік стереотиптер. Ал мәжбүрлі некеге тұрған қыздардың серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтарының құрбаны болуы да белең алып барады. Мәжбүрлі неке құрған қыздарды көбінесе білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады" - делінген хабарламада.
Некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі елімізде, әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да әкеледі. Бұл ретте қыз алып қашуды халқымыздың дәстүріне жатқызып, оны ұлттық код санайтындар, абырой көретіндер әлі де бар. Соның кесірінен адам өмірі, оның келешек тағдыры тәлкекке түсіп, бағы баянсыз, өзі шарасыз хәлде қалатыны жасырын емес.
"Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аталған санатқа қатысты 214 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл ретте некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау бойынша нақты статистикалық деректер жоқ, өйткені Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген.
2019 жылдың шілдесінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі жалпы жазасыздық пен есеп берудің жоқтығына алаңдаушылық білдіріп, балалар, ерте және мәжбүрлі неке туралы A/HRC/RES/41/8 қарарын қабылдады.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2018 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған қарарда 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібінде көзделген балалар некесін, ерте және мәжбүрлі некелерді жою мақсатында тиімді шаралар қабылдауға шақырады. Ұрлау және мәжбүрлі неке тәжірибесін жою, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың назарында болуы керек.
Биыл 1-4 тамыз аралығында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізілетін «Медиация кабинеттерінің Ашық есік күні» жыл сайынғы акциясына қатысып жатыр. Іс-шаралар легі еліміздің барлық өңірлерінде Достық үйлерінің базасында өтіп, азаматтарға медиаторлар мен мемлекеттік органдар өкілдерінен құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігін берді" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, омбудсмен өкілдері қатысушыларды құқық қорғау мекемесі қызметінің негізгі бағыттарымен, сондай-ақ некеге мәжбүрлеп тарту мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижелерімен таныстырмақ.
"Қазіргі уақытта ұлттық құқық қорғау мекемесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер, атап айтқанда жеке бапты енгізуді және жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыскерді қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастауды қарастырып жатыр.
Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар.
Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды, ол әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретініне сенеміз.
Бас прокуратура Омбудсменнің Қылмыстық кодекске 125-1 баптың жеке бөлігін енгізу туралы ұсынысын қолдады" - делінген хабарламада.