12 ақп, 2021 сағат 15:21

Қазақстанда КВИ вакцинасын салдырған адамдарда ешқандай асқыну болған жоқ – сарапшы

Коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырған адамдарда қандай да бір аурудың асқыну белгілері байқалған жоқ. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы, сарапшы Лена Қасабекова осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 200-ге тарта вакцина жасалып жатыр. Оның ішінде алты вакцина қолданысқа еніп кетті. Соның ішінде Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқы елдердің бірі болып коронавирус инфекциясына қарсы екпені бастап кетті. Әрине, бүгінгі таңда бәріміз көріп-біліп отырғандай індетпен күрестің бірден бір тиімді жолы – вакциналау екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан медицина қызметкерлеріне бірінші болып вакцина егу басталды. Ақпан айынан бастап егілгендердің саны 14 мыңға жуық болып отыр. Адамдардың арасында вакцинадан кейін аса бір ауыр асқыну белгілері байқалған жоқ», - деді Лена Қасабекова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, вакцинадан кейін күтілетін реакциялар болады. 

«Екпе салған орында қызару, ауырсыну белгілері болады. Қызудың көтерілуі, қысқа уақытқа артериялық қысымның жоғарылауы байқалады. Бірақ бұл белгілердің бәрі де ешқандай медициналық көмекті қажет етпеді», - деді ол.

Қазақстанда медицина қызметкерлері бірінші болып вакцинаны қабылдап, елге үлгі көрсетіп отыр.