Елімізде құрылыс саласы бойынша берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту керектігі айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отандық құрылыс саласындағы коммерциялық қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан қолдау қажет. Яғни құрылыс саласындағы мемлекеттік тапсырыстың көлемін 2 есеге дейін ұлғайту керек. Аталған шара жұмыс орындарын сақтауға және елімізде құрылыс көлемін қолдауға қолдау септігін тигізеді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы және өңірлер бойынша инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеп, оған қаржы құю қажет», - деді Қазақстан құрылысшылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Ирина Манжанова «Атамекен» ҰКП-да онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Қазақстанның құрылысшылар одағы сала ұйымдарын жыл соңына дейін салықтан босатуды ұсынып отыр.
Одан бөлек, одақ өкілдері отандық құрылыс компанияларының өткен жылдан қалған айыппұлы мен өсімпұлын кешіруді сұрап отыр.