24 ақп, 2022 сағат 11:55

Қазақстанда құрастырылған көлік құнында утильалым ешқашан болған емес – Марат Қарабаев


Қазақстанда құрастырылған көлік құнында утильалым ешқашан болған емес. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің де жұмыста жіберген қателігіміз болар, утильалым туралы қоғамға дұрыс түсіндіре алмадық. Соны пайдаланып, кейбір қоғам белсенділері утильалым туралы қоғамда шындыққа жанаспайтын пікір, ұғым қалыптастырып отыр. Отандық көліктің бағасында ешқашан кәдеге жарату алымы болмаған. Бұл ретте мына мәселені атап өткен жөн. Жеңіл көлік жайында айтар болсақ, KIA, Hyundai модельдеріне халықтың сұранысы жоғары. Қазақстанда KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Лада сияқты автомобильдер толығымен құрастырылады. Олардың өндірісі осында қалыптасқан. Осы модельдерді алғанда халық ешқашан утильалым төлемеген», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол 2021 жылы еліміздің нарығында сатылған көліктердің 65 пайызы өзімізде құрастырылғандығын атап өтті.

«Статстикаға жүгінер болсақ, былтыр нарықта сатылған машиналардың 65 пайызын отандық көліктер құрайды. Бұл дегеніміз не? Яғни, жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 пайызы кәдеге жарату алымын төлеген жоқ. Қалған 35 пайыз импорттық көліктің басым бөлігі Mercedes, BMW сияқты премиум санатындағы машиналар. Бұл көліктерге утильалым төленді. Бірақ, түскен қаражат ертең елдің игілігіне, яғни, халыққа жеңілдетілген автонесие беруге жаратылады», - деді Марат Қарабаев.