21 мау, 2019 сағат 16:03

Қазақстанда криминогендік жағдай тұрақты - Ерлан Тұрғымбаев

Еліміздің криминогендік жағдайы тұрақты. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы алғанда еліміздің криминогендік жағдайы тұрақты, бақылауда. Жыл басынан бері қылмыс саны 9 пайызға қысқарды (110 мыңға дейін). Соның ішінде аса ауыр қылмыстар 7,7 пайызға, ауырлығы орташа қылмыс 12,4 пайызға және ауыр емес қылмыстардың саны 4,7%-ға қылмыстар азайды. Кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, тонау, ұрлық, бұзақылықтар да төмендеді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің айтунша, көшелерде және қоғамдық орындарда, сондай-ақ жасөспірімдер тарапынан, мас күйінде жасалған және атыс қаруын қолданған қылмыстардың саны да қысқарды.

«Осы жылы министрлік үшін - ерекше жыл. Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз саланы жаңғырту бағыттарында біршама жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді министр.  

Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтар өз үйінде кімнің қашан тіркеліп, шығып кеткенін мобильдік қосымша арқылы біле алатынын айтты.

«Ішкі істер министрлігіне құқық қорғау міндетімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ұсыну жүктелген. Қазіргі таңда біз осындай қызметтердің 40 түрін көрсетеміз. 2018 жылы ғана халыққа 17 млн қызмет көрсеттік. Жыл басынан бері 6 млн қызмет көрсетілді. Олардың басым көпшілігі миграцияға, жеке куәлік пен паспортты ресімдеуге, тұрғылықты мекенжайға тіркеу және жол қозғалысы бойынша автокөлікті тіркеуге, жүргізушілер куәлігін алуға қатысты қызметтер. 5 млн тарта қызмет мемлекеттік корпорация мен 1 млн қызмет электронды үкімет арқылы көрсетілді», - деді Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуына қарағанда, өткен жылы ақпараттық жүйелердің интеграциялануы аяқталып, электронды үй кітапшасы әзірленген.

«Ендігі кезекте үйдің қожайыны өзінің пәтерінде кімдердің тіркелгенін арнайы ХҚО-лардан ғана емес, мобильді үкімет (egov.kz) сервисі арқылы телефонынан және планшетінен біле алады. Демек, ешқайда шықпай-ақ мобильдік қосымша арқылы азаматтар өз үйінде кімнің қашан тіркелгенін, қашан шығып кеткенін біле алады», - деді министр.