ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирустың өршуінің алдын алу үшін тиісті жұмыстар атқарылғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бұдан бұрын песимистік есептеулер бойынша індеттің өршу мүмкіндігі наурыздың соңы мен сәуірдің басына қарастырылған еді. Алайда қазіргі жағдайда ескере отырып, осыған дейін белгіленген қауіп сейілгенін байқауға болады. Қазіргі кезде жағдай оптимистік сценарий бойынша қалыптасып келеді», - деді Е. Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол былтырғы жаз айларындағыдай індеттің өршуі болмауы үшін тиісті жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
«Коронавирус инфекциясының таралуын шектеуге бағытталған қадамдар тиісті оң нәтижесін берді деп үміттенеміз. Сондықтан өткен жылдағы ахуал қайталанбайды деп санаймыз», - деді вице-министр.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.