14 ақп, 2021 сағат 07:43

Қазақстанда коронавирустан тағы 7 адам қайтыс болды

14 ақпан күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустан тағы жеті адамның қайтыс болғанын хабарлады. Оның төртеуі Covid инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқас болса, үшеуі – ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқасы.

Ресми дерек бойынша, ПТР тестімен расталған Covid науқастары арасында барлығы 2642 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны дәлелденген, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.

Есебі 1 тамыздан бастап жүргізіле бастаған коронавирус пневмониясы ауруынан барлығы 598 адам қайтыс болған. Бұл – вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған науқастар. Қазақстан билігі 1 тамызға дейін ПТР тесті теріс нәтиже көрсетті деп коронавирусқа ұқсайтын пневмония жағдайларын коронавирус статистикасына қоспады. Бірақ маусым, шілде айларында коронавирусқа ұқсайтын осындай пневмонияға шалдыққандар күрт көбейіп кеткен.

Елімізде коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқас саны 837 адамға артып, 201 801-ге жетсе, коронавирус пневмониясы науқастарының саны 77 адамға артып, 48 675-ке жетті.