Коронавирусқа вакцина салдырған 415 адамда реакция байқалды. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта елімізде коронавируске қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасы қолданып жатыр. Бүгінде 59 мыңнан астам медицина мамандарына, педагогтерге және Қарулы күштердегі әскери қызметшілер аталған екпенінің бірінші компенентін алды. Ал екінші компонентімен бірінші санатқа кіретін 18 мыңнан астам адамға екпе жасалды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, екпе алған адамдардың барлығының денсаулығын медицина мамандары қағадалауға алған. Вакцинация әр адамның келісімі арқылы жүргізіледі.
«Вакциналаудан кейінгі мониторинг жүргізу жұмысына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Оның ішінде вакцинадан кейін егу бөлмесінің жанында арнаулы бөлме дайындалған. Яғни, екпе салынған адамның оқшаулануына жағдай жасалған. Сол бөлмеде олар 30 минут медицина мамандарының бақылауында болады. Одан кейін де 3 күн бойы бақылауға алынады. Осы жұмыстардың аясында вакцинаны әзірлеген өндіріс орындарының тарапынан күтілген реакцияларды байқадық. Екпе алған адамдардың арасында 415 реакция жағдайы тіркеліп отыр. Олардың барлығы - күтілген жағдайлар. 267 жағдайда дененің дел-салдығы мен аздаған қызумен сипатталады. Мұндай жағдайда қандай да бір ем-дом жасаудың қажеті жоқ», - деді Айнагүл Қуатбаева.