23 қаз, 2020 сағат 15:56

Қазақстанда коронавирус медицина қызметкерлерінің кәсіптік сырқатына теңестірілмек

Қазақстанда коронавирус медицина қызметкерлерінің кәсіптік сырқатына теңестірілуі мүмкін. Осы тұрғыда дәрігерлерге шығын өтеледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, барлық өлшемдерге толық сай келсе, медициналық қызметкерлерге қатысты аталған ауру кәсіптік сырқат деп саналуы керек. Ал кәсіптік сырқат болғандықтан, әр жазатайым оқиғаны тиісті мекеме тексеру тиіс. Сәйкесінше, әрбір жағдай бойынша қызметкерлерге біржолғы төлем емес, шығынды өтеу ескеріледі. Бұл өз кезегінде еліміздің заңнамасында қамтылған», - деді бас мемлекеттік еңбек инспекторы коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған денсаулық сақтау қызметкерлерін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау тақырыбына арналған онлайн талқылауда.

Осы орайда ол екі апта бұрын Еңбек министрлігінде қоғамдық тыңдау болғанын, онда хаттамалық түрде Денсаулық сақтау министрлігінде тиісті жұмыс тобын құру тапсырмасы берілгенін айтты. Бұл жұмыс тобы COVID-19-ды кәсіптік сыртқат санатына енгізу мәселесін қарастыратын болады. 

«Меніңше, осы тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігімен арадағы біздің жұмыс оңтайлы нәтиже беріп, тиіс шешім қабылданады», - деді Төлеген Оспанқұлов.