Елімізде кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық жүйе пайда болады. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бәрімізге аян, бүгінде цифрландыру маңызды әрі керек сала. Олсыз жұмыс өнбейді. Осыған орай біз биыл 1-тоқсанның соңына дейін кәсіпкерлерге арналған цифрлық жүйені іске қосамыз. Бір мезетте 1,5 млн кәсіпкер жүйеге қосыла алады. Демек ендігі уақытта әр кәсіпкер бізбен тікелей байланыста бола алады. Сол арқылы біз кәсіпкерлердің мәселесімен қатар ұсыныс, идеясын біліп отырамыз», - деді Абылай Мырзахметов Facebook парақшасындағы тікелей эфир барысында.
«Атамекен» ҰКП басшысының мәлімдеуінше, кәсіпкерлер жаңа цифрлық жүйеге жеке кабинет арқылы қосыла алады.
«Тағы бір жайтпен бөлісе кетейін, біз кедейлікпен күрес, халықтың табысын көтеру және отандық кадрларды даярлау бойынша бағдарлама әзірледік. Оны таяуда таныстырамыз және жұртшылықтың талқысына салынады», - дейді ол.
Сондай-ақ, тікелей эфир кезінде биыл наурызда кәсіпкерлердің республикалық съезін өткізу жоспары туралы айтылды.