Фото: depositphotos.com
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ерлер мен әйелдер туралы мәліметті жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жалпы, 2022 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалары бар 476 мың жалғызбасты әкелер немесе аналар отбасы бар, оның ішінде 423 959-ы балалы аналар отбасы, 52 мыңы - балалары бар әкелер отбасы.
Мұнда әкелер мен аналардың барлық санаты ескерілгені айтылды: жесір, ажырасқан, ешқашан үйленбеген.
Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті мәліметінше, 2022 жылы 129 707 жұп некеге отырса, 51 220 жұп ажырасқан.
"Неке (ерлі-зайыпты) және отбасы туралы" кодекстің 17-бабына сәйкес неке кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптының және мүліктік даулардың өзара келісімі бойынша ғана АХАТ органдарында тікелей бұзылуы мүмкін.
"Жүргізілген мониторингке сәйкес, тіркеуші органдардың ақпараты бойынша, азаматтар өзара келісім бойынша некені бұзу туралы өтініш берген кезде, өтініш берушілер некені бұзудың негізгі себебін "мінездерінің бір-біріне сай келмеуі" деп көрсетеді", - делінген ведомство хабарламасында.