01 қаз, 2024 сағат 11:17

Қазақстанда қанша зейнеткер тұрады: Еңбекмин статистикасы

Фото: pexels.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай республикадағы қарттарға қатысты деректер мен оларды қолдау шаралары туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәлімет бойынша, елде 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады.

Елімізде базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр. Осылайша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан 65%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 105%-ына дейін артты.

Республикада 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмысына істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2024 жылға 5,9 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ 1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады екен. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізеді.

"Сонымен қатар Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төменгі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жастан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға және 80 жастан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақстан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға 25 қазанға қарсы), Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге және 100 жастан асқан азаматтарға) облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында (70 жастан асқан азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады", - делінген хабарда


Биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 11,8 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,6 млрд теңге), оның ішінде:

  • - азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 229,4 млн теңге (26,5 мың адам);
  • - жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 2 млрд 318 млн теңге (62,2 мың адам);
  • - тіс протездеуге – 515,5 млн теңге (3,9 мың адам);
  • - санаторийлік-курорттық емдеуді ұсынуға – 3 млрд 448 млн теңге (23,3 мың адам);
  • - тұрғын үйді жөндеуге – 31,4 млн теңге (189 адам);
  • - отынмен қамтамасыз етуге – 75,6 млн теңге (2,6 мың адам);
  • - жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 5 млрд 179 млн теңге (409,9 мың адам);
  • - көмектің басқа түрлеріне – 638,4 млн теңге (81,5 мың адам).

Айта кетейік, Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында жарияланған.

Оны өткізудің басты мақсаты – қариялардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігі, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.