22 ақп, 2020 сағат 11:27

Қазақстанда қанша зейнеткер бар?

Елімізде зейнеткерлік жасқа жеткен 2 миллионнан астам адам бар. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылдың қорытындысы бойынша елде зейнеткерлік жасқа жеткен 2 миллионнан астам адам бар. Олардың ішінде бюджет қаражаты есебінен үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілген егде жастағы адамдар саны 38 мыңнан асады. Бұл Қазақстан Республикасының аумағында тұратын қарттардың барлық санының 1,2 пайызын құрайды», - деді ол.

Сондай-ақ, министр Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамасында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінен тыс ақылы негізде арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мүмкіндігі көзделгенін айтады.

«Министрлік зейнеткерлік жасқа жеткен егде жастағы адамдарды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдауда. Мәселен, соңғы 20 жылда зейнетақының ең төменгі мөлшері шамамен 12 есеге (3 000 – нан 36 108 теңгеге дейін), зейнетақының орташа мөлшері – 14,1 есеге (4 179-дан 58 725 теңгеге дейін), зейнетақының ең жоғары мөлшері – 12 есеге (7 256-дан 87 113 теңгеге дейін) өскенін айта кету керек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес министрлік әлемдік озық тәжірибеге және «еститін мемлекет» қағидаттарына сәйкес қарттарды қолдау және оларды қоғамға тарту жөнінде бірқатар шара қабылдауды жоспарлап отыр», - деді Біржан Нұрымбетов.