13 ақп, 2020 сағат 09:49

Қазақстанда қанша зейнеткер бар?

Биылғы қаңтар айында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеу үшін – 62,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 138,4 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім еткендей,

2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны 2 млн 222 мың 500 адамды құрайды.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемдерін қоса алғанда) 2020 жылдың 1 ақпанына 90 502 теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай әр алушыға жеке тағайындалады.

«Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, немесе мүлдем болмаса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құрайды (2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31183 теңге), содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2% артып отырады. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%, 30 жыл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94% құрайды. Жұмыс өтілі 33 жыл және одан да көп болған кезде, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% максималды мөлшерінде белгіленеді.

Осылайша, азаматтың зейнеткерлік жасқа жеткендегі базалық зейнетақы төлемінің мөлшері міндетті зейнетақы жарналары қаншалықты тұрақты және толық төленгеніне байланысты болады», - деді министрліктен.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері (ынтымақты) 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнетке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.