17 нау, 2020 сағат 09:37

Қазақстанда ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен толықтыру үшін қажетті жағдайлар жасалған - ҚР АШМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді ынталандыру үшін қажетті ұсыныстарды жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қазіргі уақытта Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен молықтыру үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау 16 бағыт бойынша субсидияның 47 түрімен жүзеге асырылуда.

С. Омаровтың айтуынша, инвестициялық субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, мал шаруашылығының өнімділігін және өңдеуге тапсырылған шикізаттың құнын арттыруды субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жұмыс істейді, сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды, пестицидтер мен тұқымды арзандату жөніндегі базалық субсидиялар қолданылады. «ҚазАгро» холдингінің даму институттары арқылы жеңілдікпен несие беру жүзеге асырылуда.

Бұдан өзге агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін жеңілдікті салық режимдері, атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін арнайы салық режимі, шаруа және фермер қожалықтары үшін оңайлатылған бірыңғай жер салығы әрекет етеді.

«2019 жылы өткен жылдардың борыштарын өтеуді есепке алғанда, мемлекеттік қолдау сомасы шамамен 324 млрд теңгені құрады. 2020 жылға субсидия көлемі 294 млрд теңгені құрайды», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Импорт алмастыруға арналған рентабельділігі жоғары дақылдар мен азықтық дақылдар өндіруге басымдық беріп, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мен тұтыну теңгеріміне сүйене отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.

Бұл ретте, монодақылдар өндіруден рентабельділігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 1 гектардан түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді.

Халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлер үшін бақ өсіру басымдыққа ие болады. Бақтар алаңын 65 мың гектардан 88 мың гектарға дейін ұлғайту және алма мен жеміс-жидек өнімдерін өндіру көлемін 395,5 мың тоннадан 684 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл 65 мыңнан 88 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

«Көкөніс жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жылыжай алаңы 1236,7 гектардан 1700 гектарға дейін ұлғайтылады. Жабық топырақтағы көкөніс өндіру көлемінің 216,8 мың тоннадан 595 мың тоннаға дейін өсуі бағалардың маусымдық жоғарылауын төмендетуге, 34 мың адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Бұл ретте қолданыстағы инвестициялық субсидиялар және субсидиялауды есепке алғанда, жеңілдікті кредит беру бақтар отырғызып, жылыжайларды енгізуді ынталандыратын жеткілікті экономикалық жағдайлар туғызады.

Сонымен қатар, етті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығы салалары үлкен даму әлеуетіне ие. Мұнда отбасылық фермерлік шаруашылықтар өндіріс моделінің негізі болады. Олар өткізу, оқыту және ветеринариялық қызмет көрсету мәселелерінде бірігеді. Жерүсті және жерасты суларымен қамтамасыз етілген жайылым, ауыл халқы түріндегі еңбек ресурстары сияқты барлық қажетті ресурстар елімізде етті мал шаруашылығы саласын дамыту үшін жеткілікті және саланы инвестициялық тартымды етеді.

С. Омаров атап өткендей, етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуы малшы фермерлердің жаңа сыныбын құруға мүмкіндік береді және фермер шаруашылықтары санының 20 мыңнан 65 мыңға дейін өсуіне, ірі қара мал санының 7,4 млн бастан 11,2 млн басқа дейін артуына, қой санының 19,1 млн бастан 24,3 млн басқа дейін ұлғаюына, сиыр еті мен қой етін өндіру көлемінің 672 мың тоннадан 902 мың тоннаға дейін ұлғаюына ықпал етеді және ауыл тұрғындарының 100 мыңнан 325 мыңға дейін жұмыс орындарының артуын қамтамасыз етеді.

Сүт секторында жылдам өсімге қол жеткізу үшін Министрлік жыл сайын 600 бастан басталатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын және 40 отбасылық ферманы қаржыландырып, іске қосуды ұсынады.

«Біздің жоспарымыз бойынша бар-жоғы 5 жыл ішінде сүт белдеуіне кіретін аудандарда 125 өнеркәсіптік кешен іске қосылады, жалпы алғанда, олар 700 мың тоннадан астам қосымша сүт беріп, қосымша 8 мың жұмыс орнын ашады»,— деді С. Омаров. 

Бұдан өзге, құс шаруашылығын дамыту үшін кейіннен импортты алмастыру мақсатында құс етін өндіру көлемін одан әрі арттыру шаралары қабылдануда.

Бағдарлама аясында құс етін өндіру көлемі 5 жылда 2 есеге артып, 530 мың тоннаны құрайтын болады. Негізгі басымдық өнеркәсіптік фермаларды іскеасыруға бағытталады. Өндірісті арттыру қарқынын жеделдету үшін инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, қазіргі кезеңде нақты 11 жоба бар, оның ішінде 8 инвестициялық жоба бойынша құрылыс толығымен жүргізіліп, жыл соңына дейін оларды пайдалануға беру жоспарланып отыр. 3 жоба бойынша жобалау және қаржыландыру тетіктері қарастырылу үстінде.

«Бұл жобалар бірігіп, ішкі өндіріс көлемін қосымша 163 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді, 3 мыңнан астам жұмыс орнын құрады», — деді ведомство басшысы. 

Жалпы, көрсетілген іс-шаралардың орындалуы бизнесті мемлекеттік қолдаудың пәрменді шаралары, қолжетімді несие ресурстары, сондай-ақ көзделген мақсаттарды іске асыруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою арқылы жүзеге асырылады. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл халқының табысын арттыру үшін берік негіз қалады.