Қазақстанда эпидемияға қарсы шаралар жоспары әзірленген. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеарна арқылы үндеуінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекеттік шекарадағы, станциялар мен әуежайлардағы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық режим күшейтілді. Менің тапсырмаммен дәрі-дәрмектерді, тест жүйелерін және зертханалық жабдықтарды сатып алуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Еліміздің ауруханаларында төсек-орын саны жеткілікті. Мемлекеттік органдар санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастырудың жоспарларын әзірлеп қойды», - деді Мемлекет басшысы телеарналар арқылы көрсетілген үндеуінде.
Президент Қазақстан азаматтарын уәкілетті қызметтерге көмектесуге шақырды.
«Мұндай жағдайда бәріміз жауапкершілік пен тәртіп көрсетуіміз қажет. Ауру белглеріі байқалса, дереу тұрғылықты жеріңіздегі медициналық қызметке жүгініңіз. Медициналық тексеруден жалтарып, карантин режимін бұзғандар жазаланады. Өзіңізге және жақын адамдарыңызға қамқорлықтың қарапайым жолдарын есте ұстаңыз: қолыңызды үнемі жуып, санитарлық гигиенаны сақтаңыз, халық көп жиналатын орындарға бармаңыз», - деді Қ. Тоқаев.
Сонымен бірге, Президент бұл күндері медицина қызметкерлеріне ауыртпалық түсетінін еске салды.
«Көп нәрсе олардың кәсібилігіне байланысты болмақ. Ел өміріндегі күрделі кезеңнен біздің дәрігерлер абыроймен өтіп, қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін бар жағдайды жасауы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады. Жолдаудың толық мәтіні арнайы жарияланды.