26 жел, 2023 сағат 14:54

Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа әдіспен есептеледі

Фото: parlam.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа әдіспен анықталатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Министр 2024 жылы ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленетінін атап өтті.

"Бұл әдістеменің негізгі алғышарттары – орташа жалақы мен еңбек өнімділігі қолданылады. Бүгінге дейін болмаған нәрсе. Тиісінше, ЕТЖ Қазақстанда қандай өнімділік, орташа жалақы қандай болатынына байланысты болады", - деді Жақыпова.

Ол Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2024 жылы ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырғанын еске салды.

"Бұл жұмыс орындалды, республикалық бюджет туралы заңда қаражат көзделген және келесі жылдан бастап ЕТЖ 85 мың болады. Келесі жылы оны әзірлеп, соған сәйкес бірге талқылаймыз. Әзірлеуге серіктестеріміз де қатысады - бұл жұмыс берушілер қауымдастығы, кәсіподақтар, қызметкерлердің өздері", - деп түйіндеді ол.