04 нау, 2020 сағат 11:40

Қазақстанда электронды темекіге құмар жасөспірімдердің саны артуда

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы балаларды электронды темекіден қорғау жолдарын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Электронды темекі (вейп) - бұл тартуға арналған, дисперсті түтін шығаратын құрылғы. Оның пішіні мен көлемі әртүрлі болып келеді. Кейбірі әдеттегі шылым, сигара немесе түтік сияқты болса, кейбірі қалам, флешка және басқа да тұрмыстық, әдетте жастар пайдаланатын заттарға ұқсас. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қандай бола да, электронды темекі жастар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Орталық Қазақстанда электронды темекіні тұтыну статистикасымен бөлісті. Кейінгі деректер бойынша, жасөспірімдер арасында электронды сигареттер - ең жиі пайдаланылатын темекі өнімдерінің біріне айналған. 11-15 жас аралығындағы балаларға орталық жүргізген зерттеу қазіргі электрондық темекіні тұтынушылар саны жас өсе келе артып келе жатқанын анықтаған. Бұл әсіресе ұлдар арасында байқалады. 

«Осылайша, электронды темекіні тұтынушылар, ауыл балаларымен салыстырғанда, қала балалары (4%) арасында екі есе көп. Қыздармен (1,6%) салыстырғанда, ұлдар (4,6%) арасында тіпті үш есе артық. Электронды сигаретті тұтынушылар саны 15 жасқа қарай (5,2%) екі жарым есе ұлғайып отыр. Қазақстандық жастар арасында электронды шылымның танымалдығы кейбір жағдайда әдеттегі темекіні тартудан асып түседі. Келешекте никотині бар өнімдердің осы жаңа түрін пайдаланудың өсімін күтуге болады», - деп хабарлайды Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығынан.

Мысалы 2014 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанда 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында электронды темекіні тартудың қарқынды өсімі байқалған. Ұлдар үш есе, қыздар екі есе осы өнімдерді жиі пайдалана бастаған.

«Электронды шылымның көпшілігінде никотин болады. Көптеген электронды темекіден жағымды манго, жемістер мен кремнің дәмі шығып тұрады. Әйтсе де электронды темекідегі аэрозоль зиянсыз емес. Құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қоспалар, өкпе ауруына байланысты хош иістендіргіштер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Жастар арасында вейпинг кең тараған АҚШ-та электронды темекіні тартудың кеселінен 68 өлім жағдайы тіркеліп, 2806 адам өкпе ауруына шалдыққан», - деп хабарлайды орталықтан.

Балаларды электронды темекіден қалай қорғау керек? Ол үшін орталық темекіден таза орта құру жөніндегі кешенді саясатты енгізіп, бағаны арттырып, осындай өнімдердің маркетингін шектеу керектігін хабарлайды.