Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан электр энергетикасының қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлемдік энергетикалық агенттік деректеріне сәйкес, энергияны әлемдік тұтыну соңғы 40 жылда 2,2 есеге өскен. Бұл ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері сүйенсек, әлем халқы 1,9 есе, ал энергия ресурстарын (көмір, мұнай, газ) тұтыну екі есеге ұлғайған. 2017 жылы Министрлік жетекші әлемдік сарапшыларды тарта отырып, «Форсайт-2050. Жаңа энергия әлемі және Қазақстанның орны» тақырыбында зерттеу жүргізді. Бұл 2050 жылға дейін әлемдік энергетика мен ілеспе технологиялардың даму болжамын, сондай-ақ олардың Қазақстанға әсерін көрсетеді», - деді Қ. Бозымбаев.
Осы орайда ол 2050 жылы көмірдің үлесі 26 пайызға, баламалы электр энергияның үлесі 5-тен 50 пайызға дейін, яғни 10 есеге ұлғаятыны ескерілгенін жеткізді. Сонымен қатар, мұнайдың үлесі небәрі 1,5 пайызға өссе, газдың үлесінде тым қатты өзгеріс байқалмайды.
Бұдан бөлек министр Қазақстанның электр энергетикасындағы қазіргі жағдайына тоқталды.
«Бүгінде Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Оның жүйелік сенімділігі толықтай қамтамасыз етілген, осы орайда экономика мен халықтың электр энергиясына деген қажеттігі қанағаттандырылған. Елімізде электр энергиясын өндіруді 138 станса жүзеге асыруда. Қазақстан электр стансаларының бекітілген жалпы қуаты 21 902 МВт-ты құрады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша энергия өндіру көлемі 106,8 млрд кВтсағ-ты немесе 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,3 пайызды құрады», - деді Бозымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы бес жылда электр стансаларының қуаты 2 470 МВт-қа немесе 2013 жылдағы деңгейден 15 пайызға артты. Бұл негізінен жылу стансалары мен жаңаратын энергия көздері есебінен өсті.
Сондай-ақ, соңғы 10 жылда электр энергиясын тұтыну көрсеткішінде елеулі өсім болған.
«2008-ден 2018 жыл аралығы кезеңінде электр энергиясын толық тұтыну өсімі елімізде 28 пайызды немесе 22,6 млрд кВтсағ-ты құрады (2008 жылдағы 80,6 млрд кВтсағ-тан 2018 жылғы 103,2 млрд кВтсағ-қа дейін). Аталған кезеңде электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы экономиканың қарқынды өсімінің аясында орын алды», - деді министр.
Оның атап өтуінше, энергияны пайдалау қарқыны негізінен өнеркәсіптік өндірісті дамытуға байланысты. Бүгінде энергияны тұтынудың жалпы көлемінде оның үлесі 55 пайызды құрады.
Сонымен қатар Қ. Бозымбаев биылдың басында Энергетика министрлігі тарапынан 2019-2025 жылдарға арналған жеті жылдық болжам балансы бекітілгенін еске салды.
«Баланс мәліметтеріне сәйкес, ескі энергетикалық қуаттарды шығару мен жаңаларын іске қосуды ескере отырып, 2025 жылға дейін электр энергиясы мен қуатының профициті болатыны болжанып отыр. Болжамдық балансқа сүйенсек, 2025 жылы электр қуатын тұтыну 18 260 МВт деңгейінде ескерілген (2018 жылғы фактіге қарағанда өсім 3 566 МВт)», - деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, электр қуатына сұранысты қамтамасыз ету үшін болжамдық баланста қолданыстағы стансаларда 3 567 МВт көлемінде қосымша қуатты іске қосу ескерілген. Сонымен қатар, бұл бағытта жаңа стансаларды салу, оның ішіне 1 269 МВт қуатындағы жаңаратын энергия көздері нысандарының құрылысын іске асыру қарастырылып отыр.
Ал, жыл соңына дейін жаңаратылатын энергия көздерінің 10 нысаны пайдалануға берілмек.
Белгілі болғандай, 2019 жылдың басынан бері қуаты 147,6 МВт-ны құраған жаңартылатын энергия көздерінің 7 нысаны іске қосылды.
«Осы арқылы, бүгінде елімізде жалпы қуаты 678,6 МВт-ны қамтыған жаңартылатын энергия көздерінің 74 нысаны жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 236 МВт қуатымен тағы да 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сәйкесінше, бұл нысандар санын 2020 жылы 95-ке (1483 МВт) және 2021 жылы 119-ға (2096 МВТ) жеткізу жоспарланып отыр», - деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, 2018 жылдың қорытындысы аясында жаңартылатын энергия көздері бойынша елімізде 67 нысан болды, олардың жалпы қуаты 531 МВт-ны құраған еді.
Министрдің айтуынша, энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге бағытталған жұмыстар да жүргізілуде.
«Өздеріңізге белгілі, 2009-2015 жылдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жұмыс істеді. Осы кезеңде генерация секторына 1 трлн 052 млрд 204 млн теңге инвестиция салынды. Бұл 1 720 МВт-ты жаңғыртуға және 1 237 МВт жаңа қуатты енгізуге мүмкіндік берді (жалпы 2 957 МВт). Парламентте жүргізілген жұмыстың арқасында 2015 жылы заң қабылданды. Онда электр энергетикалық саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етудің жаңа тетігі белгіленді. Осы түзетулерге сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, электр энергиясы нарығымен қатар электр қуатының нарығы жұмыс істей бастады», - деп еске салды министр.
Сонымен қатар ол энергия беруші ұйымдарды ірілендіру үшін заң деңгейінде талаптар белгіленгенін, олар кезең-кезеңмен енгізілетінін атап өтті.
«Заң қабылданып, бірінші талап қолданысқа енгізілгеннен кейін, мемлекеттік органдар энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге бағытталған іс-шараларды бастады. Мәселен, бүгінгі таңда энергия беруші ұйымдардың саны 162-ден 152 қысқарды. Оның ішінде 5 мемлекеттік кәсіпорын жойылды. Иесіз желілердің ұзындығы төмендеді. Сондай-ақ Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына әсер ететін оң көрсеткіштер байқалады. Атап айтсақ, соңғы тұтынушыларға тарифтерді төмендету, электр желілеріндегі жазатайым оқиғалар санын азайту, монополистер көрсететін қызметтер сапасын арттыру қамтылған», - деді Қанат Бозымбаев.
Бұдан бөлек ол шекара маңындағы елдермен ынтымақтастық жағдайына тоқталды.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергожүйелерімен қатарлас режімде тұрақты жұмыс істейді. Электр энергетикасы жүйесіне бағытталған ауқымды инвестициялардың арқасында соңғы жылдары республиканың экспорттық электр энергетикалық әлеуеті ұлғайды. Соңғы үш жылда экспортталатын электр энергиясының жиынтық көлемі 13, 8 млрд кВтсағ құрады. Бұл жалпы өндіру көлемінің 4,6 пайызын құрайды», - деді ведомство басшысы.