Midjourney нейрон желісі арқылы жасалған кескін
Қазақстанда кейбір діни киімдерді киюге шектеулер енгізу мәселесі қаралады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство басшысы журналистің "никаб, хиджаб пен қысқа шалбарға тыйым салына ма?" деген сұрағына жауап берді. Министрдің айтуынша, осы мәселеге қатысты заң талаптары күшейтіледі.
"Әрине, біз тиісті нормаларды зерделеп, ұсынатын боламыз. Әсіресе, қоғамдық орындарға қатысты. Ондай тәжірибе әлем бойынша кеңінен тараған. Өйткені бұл - ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда беті жабылған адамдарды тану (адамның жеке басын анықтау - еск.) өте қиын. Бұл қоғаммен бірге зерттеліп, талқыланатын болады. Ал біз құзіретті орган ретінде осы бағытта заңнамалық нормаларды қатаңдату бойынша жұмыс істейміз", - деді Балаева ОКҚ брифингінде.
Ол заңға өзгерістер енгізу немесе жаңа заң жобасын әзірлеу біраз уақытты қажет ететінін айтты. Алдымен жұмыс тобы құрылып, түзетулер тұжырымдамасы талқыланады, кейін заң Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының реестріне енгізіледі, содан кейін ғана Мәжіліс пен Сенатқа жіберіледі.
"Осы орайда депутаттар да бастама көтерді. Соны ескере отырып, бұл мәселені жақын арада депутаттық корпуспен бірге қарастырамыз деп ойлаймын", - деді Балаева.
Айта кетері, жақында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп елімізде деструктивті күштердің тамыр жайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы орайда сенат депутаттары жастарды теріс діни ағымдардан қорғау үшін бірқатар ұсыныс жасады.