COVID-19 індеті бар 340 бала бақылауда тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавирус инфекциясының пандемиясы кезеңінде балалардың денсаулығын сақтау Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыты болып отыр. Күн сайын жаңа туған нәрестелер мен коронавирустық инфекциясы бар балалар жағдайына мониторинг пен бақылау жүргізіледі. Биыл елімізде COVID-19 диагнозы расталған барлығы 3 164 бала тіркелген, оның ішінде 114 жаңа туған нәресте бар. Осы орайда барлық жағдайлар ПТР нәтижелерімен расталған», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, COVID-19 диагнозы зертханалық расталмаған КВИ 1810 балада тіркелген. Балаларда COVID-19 инфекциясынан өлім-жітім болған жоқ.
«Коронавирустық инфекцияның ағымы 85 пайыз (2697) балаларда симптомсыз және жеңіл болды, 14,2 пайызында (448) орташа дәрежеде және 19 балада ауыр болды. Бұл барлық жағдайлардың 0,6 пайызын құрады, барлығы стационарлық жағдайда емделді», - деді А. Ғиният.
Оның айтуынша, қазіргі кезде COVID-19 індеті бар 340 бала бақылауда тұр, оның ішінде жаңа туған 3 нәресте, 18 жасқа дейінгі балалар-337, емдеуге жатқызылғандар - 55, амбулаториялық емдеуде – 285.
«7 (2,1%) бала арасында вирустық пневмония диагнозы қойылған, 3 (0,9%) пациентте пневмония негізінен бактериялық сипатта болады», - деді вице-министр.