Қазақстанның үш қаласы мен үш облысында биыл 7 бірдей көтерме-тарату орталығы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл ішкі сауданы дамыту бағытында Сауда және интеграция министрлігінің алдына нақты міндеттер қойылды. Ол үшін Ұлттық тауар тарату жүйесі инфрақұрылым деңгейінде құрылады. Яғни 24 көтерме-тарату орталығы бой көтереді», - деді Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев министрліктің алқа отырысында.
Оның айтуынша Ұлттық тауар тарату жүйесі азық-түліктің жекелеген түрлерінің азайып кетуіне жол бермей, бағаны тұрақтандырад. Сауда инфрақұрылымын дамытып, экспортерлер арнасын құрады.
«Тауар бөлудің аталған жүйесі өндірушілердің сауда базарына шығуына жол ашады. Яғни олар егіс алаңынан сауда сөресіне оңай жете алады. Ал тұтынушылар сапалы өнімдерге қол жеткізеді. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 көтерме-тарату орталығын салу көзделген», - деді ол.