03 сәу, 2023 сағат 17:48

Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы өседі

© Photo: Пресс-служба Qazaq oil

Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз.

Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер нәтиже бермейтіні анық.

Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді.

Төртіншіден, жанармай бойынша төмен бағаны сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр», - деді Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға бойынша айырмашылығын азайту қажет.

«Бұл қиын, бірақ қажет шешімге бару керекпіз, оны мойындау керек, яғни бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек, өсім – 11%. Дизель отынының бағасы литріне 295 теңгені құрайды, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр. Осындай бұйрықтың жобасы бүгін жарияланатын болады», - деді Болат Ақшолақов.

Оның сөзінше, баға бойынша айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта елеулі тапшылық болуы мүмкін. Бұдан басқа, экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айрылып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер етеді.